АЛМАТЫ, 19 наурыз – Sputnik. Абай облысындағы Орлов шахтасында жұмысшы көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оқиға 19 наурыз сағат 10:00 шамасында болған. Бұл ақпаратты KAZ Minerals компаниясы растады.
"Шахта диспетчеріне зиянды газдан уланған екі жұмысшының табылғаны туралы ақпарат түскен. Зардап шеккендердің бірі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Екінші қызметкерге медициналық көмек көрсетілді, жағдайы тұрақты", - дейді компания қызметкерлері.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Kaz Minerals компаниясының басқарма төрағасы Андрей Третьяков жазатайым оқиғаны тергеуге тікелей қатысу үшін шахтаға барған.
"KAZ Minerals тобының басшылығы мен ұжымы марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетеді", - деп жазылған хабарламада.