Ерлі-зайыпты бір-бірінің шоты туралы білуге құқылы ма – Конституциялық соттың жауабы

Sputnik
АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Банк салымдарының құпиясы құқығы дербес конституциялық құқық болып саналады және әрбір адамға отбасылық мәртебесіне қарамастан қолданылады, деп хабарлады Конституциялық сот.
Яғни, жұбайлар бір-бірінің шоттары туралы автоматты түрде ақпарат ала алмайды.
Конституциялық сотқа әйел адам жүгініп, ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуінің екінші деңгейлі банктердегі шоттарының бар-жоғы мен қаражат қозғалысы туралы ақпарат ала алмағанын айтып шағымданған.
"Банктер туралы заңға сәйкес банк құпиясы режиміне сілтеме жасап, банктер мұндай мәліметтерді беруден бас тартқан", - делінген хабарламада.
Бірінші сатыдағы сот та өтініш берушінің банктерге тиісті ақпаратты беру міндетін жүктеу туралы талабына қатысты үшінші тұлғаға банк құпиясын ашу үшін шот иесінің жазбаша келісімі және құқықтық негіздер жоқ екенін көрсетіп, оны қанағаттандырудан бас тартқан.
"Өтініш субъектісінің пікірінше, мұндай заңнамалық реттеу ерлі-зайыптының ортақ бірлескен мүлкіне өз құқығын іске асыруға мүмкіндік бермей, тең емес жағдай туғызады, бұл заң алдында бәрі тең, меншікті және отбасын қорғау секілді конституциялық қағидаттарға қайшы келеді", - деп аталып өткен хабарламада.
Конституциялық сот мынадай құқықтық ұстанымға келді.
Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңнамасы ерлі-зайыпты құқықтарының тең болуы, оның ішінде олардың мүліктік құқықтарының теңдігі қағидатын негізге алады.
Конституция әркімге жеке өміріне қол сұғылмауы, ананың, әке мен баланың қорғалуы, сондай-ақ жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиялылығы құқығына кепілдік береді.
"Конституциялық сот банк салымдарының құпиясы құқығы дербес конституциялық құқық болып саналатынын және әрбір адамға отбасылық мәртебесіне қарамастан қолданылатынын атап өтті", - делінген хабарламада.
Ерлі-зайыптының мүліктік құқықтарда тең болуы олардың әрқайсысының өзінің құқық субъектілігін, жеке дербестігін және жеке өмірін қорғау құқығын жоғалту дегенді білдірмейді, сондай-ақ әркім үшін Конституция мен заңдарда белгіленген құпиялылық режимдерін жоймайды.
Соттар банк құпиясын құрайтын мәліметтерді өздерінің іс жүргізуіндегі істер бойынша талап етіп алдыруға құқылы. Бұл бір жағынан, жеке өмірге өз бетінше араласқаны үшін сот бақылауын қамтамасыз етуге және екінші жағынан, жеке мүдделер мен әркімінің конституциялық құқықтарын қорғау арасында теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.
Өтінішті қарау нәтижесі бойынша Конституциялық сот "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы заңының 50-бабының 4-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деген қорытындыға келді.
Қосымша айта кету керек, 2026 жылғы 16 қаңтарда қабылданған "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" жаңа заң осы жылдың 19 наурызынан бастап күшіне енеді және онда ұқсас ережелер бекітілген (69-бап).