АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасына қатысты референдумда дауыс бергеннен кейін журналистерге арналған брифинг өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымы не үшін қажет екенін түсіндірді.
"Вице-президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте вице-президент лауазымы бар. Кейбір сарапшылар "Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді" деген пікір білдіруде", - деді президент.
Мемлекет басшысы бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ деп сендірді.
"Вице-президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын. Ал президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді", - деді Тоқаев.