Шетелде 9 мыңнан астам адам дауыс берді

Sputnik
АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Сағат 19.00-дегі жағдай бойынша шетелде жүрген 9 мыңнан астам Қазақстан азаматы референдумда дауыс берді. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов мәлімдеді.
Оның айтуынша 54 елде орналасқан 71 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр.
"Референдум учаскелерінде дауыс беру үдерісі Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-ден бері жүргізіліп келеді. Уақыт айырмашылығына байланысты сағат 19:00-ге дейін шетелдегі барлық учаске ашылып, оның 14-і жабылып үлгерді. Осыған дейін келіп дауыс бергендер саны 9050 адамды құрады", - деді Арман Исетов.
Сағат 00:00-ге дейін шетелдегі 64 учаске өз жұмысын аяқтайды. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы референдум учаскесі Астана уақытымен 16 наурызда сағат 08:00-де шетелдегі сайлау процесін ең соңғы болып тәмамдайды.
Конституция бойынша референдум: дауыс бергендердің саны 70 пайыздан асты