АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Ұлытау облысында 116 жастағы тұрғыны Түймегүл Темірбаева республикалық референдумда дауыс берді, деп хабарлады облыстық әкімдік.
"Қарт адамның жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, учаскелік референдум комиссиясының мүшелері арнайы дауыс беру жәшігін оның үйіне апарды", - деп жазылған хабарламада.
Жаңаарқа ауданы, Қызылжар кентінің тұрғыны Түймегүл Темірбаева 1910 жылы дүниеге келген. Биыл қаңтар айында ол 116 жасқа толып, Қазақстандағы ең қарт тұрғын атанды.
Ғұмырын отбасына арнаған Түймегүл әженің айтуынша, ұзақ өмір сүрудің басты сыры – еңбекқорлық пен жақын адамдарға деген сүйіспеншілік.
Бүгінде әженің 15 немересі және 25 шөбересі бар. Ол өмір бойы отбасының тірегі болып, балалар мен немерелеріне үлгі көрсетіп келеді.