Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 9,8 трлн теңгеге жетті

Ауыл шаруашылығы қатарынан екінші жыл рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді
Sputnik
АСТАНА, 14 наурыз - Sputnik. Соңғы жеті жылда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі екі есеге жуық өсіп, 2019 жылғы 5,2 трлн теңгеден 2025 жылы 9,8 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігі.
Аграрлық салаға берілген 1 трлн теңге жеңілдетілген несиелердің арқасында ауыл шаруашылығы қатарынан екінші жыл рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді.
Қолжетімді несиеге шамамен 14 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші қол жеткізді.
"Өсімдік шаруашылығы да жоғары нәтиже көрсетті. Орташа өнімділік гектарына 16,3 центнер болған жағдайда 25,9 млн тонна астық жиналды. Оның ішінде 19,3 млн тоннасы бидай", - дейді министрлік.
Былтыр майлы дақылдардың да рекордтық өнімі алынды — 4,9 млн тонна.
Сондай-ақ 1 млн тонна бұршақ тұқымдас дақыл жиналды. Бұдан бөлек 2,8 млн тонна картоп, 3,7 млн тонна көкөніс және 2,5 млн тонна бақша дақылы жиналды.
Мақта өнімінің жалпы түсімі гектарына 32 центнер өнімділікпен 466 мың тоннаны құрады.
Бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша ЕАЭО-да көшбасшыға айналды