Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын - президент

Тоқаев қазақстандықтарды осындай күрделі кезеңде сабыр сақтап, ел ішіндегі және тысқары жерлердегі арандатуларға бой алдырмауға шақырды
Sputnik
АСТАНА, 12 наурыз - Sputnik. Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы қазірдің өзінде жаһандық қауіпсіздіктің іргесін шайқап, әлем экономикасына зардабын тигізгені анық, деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында.
"Жер шарындағы барша адамзат "турбуленттілік" деген сөзді жақсы біледі. Әуе кемесі "турбулентті" аймаққа енген сәтте жолаушыларды сабырға шақыратын ұшқыштарға қарағанда, саясаткерлер мен сарапшылар халықаралық ахуалды сипаттауда осы сөзді жиі қолданып жүр. Шынында, бүкіл әлем тұрақсыз әрі бағдарсыз шақта өмір сүруге мәжбүр", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Соңғы он жыл ішінде болған оқиғалар бірінен бірі асып түседі. Бұл үдеріс әлеуметтік желідегі талқылаулардың өзегіне айналды. Онда ақиқат пен аңыз, конспирология мен жалған мәлімет, қайғы-қасірет пен қуаныш қатар көрініс табуда. Жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан әлемнің бүгінгі кейпі осындай, деді ол.
"Өткен екі апта әлемдік қоғамдастыққа дүрбелеңнің шын мәнінде қаншалықты қауіпті екенін әрі тұтқиылдан келетінін анық көрсетті. Планетамыздың тіршілігінде тұрақсыздық белең алды. Тіпті, экономикасы ілгері, орнықты мемлекеттердің өзі әп-сәтте жаһандық қақтығыстың, егер әр нәрсені өз атымен айтар болсақ, соғыстың ортасында қалды. Соғыс өрті іргемізден, яғни Каспий маңындағы көршілес елдің аумағынан шықты", - деді Тоқаев.
Көшбасшы мемлекеттер жетекшілері арасындағы сенім дағдарысының күшеюі, ірі елдер мен блоктардың жік-жікке бөлінуі, ынтымақ-бірлікте өмір сүру психологиясы мен принциптерінің тоқырауға ұшырауы, халықаралық құқықтың сақталмауы, БҰҰ беделінің бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеуі бүгін бастан кешіп отырған қатерлі жағдайға себеп болды.
"Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер өрши түсіп, әлемді әбігерге салды. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және тысқары жерлердегі арандатуларға бой алдырмауы керек. Ең бастысы, Жаратқан берген батылдық, ар-намыс, ақыл-парасат сияқты қасиеттерімізді танытқан жөн. Президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін қолдана отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
"Халық мұң-мұқтажын айтып, Ақордаға шағымдануға мәжбүр": Тоқаев жергілікті билікті сынады