АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Дзюдошы Әділет Алмат Австрияның Линц қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінде алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ҰОК сайтына сілтеме жасап.
21 жастағы Әділет Алмат 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Ал ақтық сында әзербайжандық Вусал Галандарзадені айқын басымдықпен жеңіп, алтыннан алқа тақты.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында екі жүлде бар. Бұған дейін Шерзод Давлатов (60 келіге дейін) қола медальға ие болған. Бұл жарысқа 59 елдің спортшылары қатысты.
Айта кетері, бүгін спорт министрі де Әділет Алматтың жеңісін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, алдағы жазғы Азия ойындары қарсаңында мұндай жетістіктердің маңызы ерекше. Бұл отандық спортшылардың ірі халықаралық жарыстарға жақсы дайындықпен келіп жатқанын көрсетіп отыр.