АСТАНА, 4 наурыз - Sputnik. Қазақстан энергетика министрлігі жаңа бұйрық шығарды.
Құжатта Қазақстан сұйытылған газды әкетуге тыйым салуды тағы алты айға ұзартуды жоспарлап отырғаны айтылған. Шаралар ЕАЭО шартына және "Сауда қызметін реттеу туралы" заңның бабына сәйкес қабылданады, деп атап өтті министрлік.
"Қазақстан Республикасының аумағынан сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды автомобиль және темір жол көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін", - делінген энергетика министрлігінің бұйрығында.
Мақсат – ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен үздіксіз қамтамасыз ету. Тыйым биылғы 14 мамырдан бастап енгізіледі.
Бұйрық "Ашық НҚА" порталында 19 наурызға дейін жария талқылауда болады.