Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдау тоқтатылды – Иранның Қазақстандағы елшісі

Бұғаз арқылы жүзуге тәуекел еткен үш кеме, үш танкер зақымдалған
Sputnik
АСТАНА, 2 наурыз – Sputnik. Иранның Қазақстандағы елшісі Әли Акбар Джаукар Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдаудың тоқтатылғанын хабарлады.
Бұл бұғаз мұнай мен сұйытылған табиғи газ тасымалдаудың маңызды бағыты болып табылады. Елшінің айтуынша, тасымалдауды тоқтата тұруға бұғаз аймағындағы әскери әрекеттер себеп болды.

"Қазіргі уақытта бұғаздың айналасында әскери жағдай қалыптасқан, сондықтан ешкім ол жақпен өткісі келмейді. Бұғаз арқылы жүзуге тәуекел еткен үш кеме, үш танкер зақымдалған. Әскери әрекеттер жалғасып, зымырандар ұшып жатқанда, кемелер немесе елдер бұғазды тасымалдау жолы ретінде әзірге пайдаланбайды деп ойлаймын", - деді дипломат.

Ол бұғаз арқылы мұнай тасымалдау екі күннен бері тоқтатылғанын және жағдай кемелер үшін қауіпті болып отырғанын айтты.
Айта кетері, Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі аясында әлемдік мұнай бағасы 9-10%-ға өсіп жатыр.
Дүйсенбі таңертең Brent маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстерінің бағасы алдыңғы бағамен салыстырғанда 10,4%-ға өсіп, барреліне 80,03 долларға жетті. Бұл өткен жылдың 23 маусымынан бері алғаш рет баға 80 доллардан асуы. WTI сәуір айындағы фьючерстері 9,43%-ға өсіп, 74,90 долларға жетті.
Иран АҚШ пен Израильге қарсы жихад жариялады