Қорғаныс министрлігі ресейлік ұшақтар ұшып өткені туралы ақпаратты жоққа шығарды

Қазақстан аумағы арқылы әскери ұшақтар ұшып жүргені туралы видео интернетте кеңінен тарады
Sputnik
АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Әлеуметтік желіде Қазақстан қорғаныс министрінің еліміздің әуе кеңістігі арқылы әуе кемелерінің ұшып өтуіне қатысты ресми мәлімдемесі ретінде ұсынылған бейнеролик таралып жатыр.
Министрлік аталған бейнематериал жалған екенін мәлімдеді.
"Видео жасанды интеллект технологияларын (deepfake) пайдалану арқылы жасалған, ал дауыс бұрынғы сұхбат негізінде құрастырылған. Таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және қорғаныс ведомствосының ресми ұстанымын білдірмейді", - деп жазылған хабарламада.
Ведомство бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен әлеуметтік желі пайдаланушыларын тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.