Ақмола облысында жоғалып кеткен ер адам табылды

Жолдың жоқтығынан оған қалың қарды кешіп жүруге тура келген
Sputnik
АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Ақмола облысында жоғалып кеткен 35 жастағы ер адам табылды, деп хабарлайды облыстық ТЖМ.
Ол кеше Целиноград ауданы Жаңажол ауылынан 6 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығына жаяу шығып кеткен. Жолдың жоқтығынан оған қалың қарды кешіп жүруге тура келген.
"Іздестіру шаралары барысында құтқарушылар мен медицина мамандары оны тауып алды. Ер адамның аяқтарын үсік шалу белгілері анықталды", - деп жазылған хабарламада.
ТЖМ қызметкерлері зардап шегушіні жол талғамайтын техникамен жақын маңдағы елді мекенге жеткізіп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.
Қазіргі уақытта ер адамның жағдайы тұрақты. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне жіберілді.
Батыс Қазақстанда үш адам үсіп өлді