АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Еуроодақ Украинаға 90 миллиард еуро көлемінде кредит бөлуге қарсы болғаны үшін Венгрияға қарсы заң шарасын қолданбайды. Оның орнына Будапештке қысым жасап, келіссөз жүргізуге басымдық бермек. Бұл туралы Politico басылымы дипломаттар мен аты-жөні аталмаған ЕО шенеунігіне сілтеме жасап жазды.
Басылым мәліметінше, ықтимал ұсыныстардың бірі – "Дружба" мұнай құбыры арқылы мұнай жеткізуді қалпына келтіру туралы құжат дайындау.
Еупопалық кеңес төрағасы Антониу Кошта сейсенбі күні Киевтегі баспасөз мәслихатында Венгрияны бопсалады деп айыптап, бұғатты шешу үшін Еурокомиссияны барлық қолда бар құралды пайдалануға шақырды. Оның мәлімдемелері Будапештті дауыс беру құқығынан айыруға мүмкіндік беретін 7-бап процедурасын қолдану ықтималдығын меңзеді.
"Алайда төрт дипломат пен ЕО-ның жоғары лауазымды шенеунігі мәселені заң жолымен шешу идеясынан бас тартқан. Олардың пікірінше, көшбасшылар Будапештті ветодан бас тартуға көндіру үшін саяси қысым мен келіссөзге назар аударуға тиіс", - деп жазды басылым.
Екі дипломаттың айтуынша, мәселені шешудің шынайы жолы – "Дружба" мұнай құбыры арқылы ресейлік мұнай жеткізілімін қайта жандандыру туралы уәде беретін құжат әзірлеу.
"Заң жолымен шешуге уақыт жоқ. Саяси шешім іздеуге тура келеді", – деген дипломаттардың бірі.
Венгрия мен Словакия 27 қаңтарда Украина транзитті тоқтатқаннан кейін "Дружба" құбыры арқылы мұнай жеткізілімінен айырылған. Дүйсенбі күні Будапешт осы жағдайға байланысты Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакетін және Киевке 90 миллиард еуро несие бөлуді бұғаттады.