Алматыдағы оқиғадан кейін курьерлерге қойылатын талап күшейтіледі

Sputnik
АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Алматыда курьерге қатысты резонанстық оқиғадан кейін жеткізу агрегаторларына қойылатын талап күшейтіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінде өткен жиынға ірі жеткізу қызметтері агрегаторларының өкілдері қатысты.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов жеткізу нарығының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, сонымен қатар азаматтардың қауіпсіздігі әрдайым басым бағыт болуға тиіс екенін айтты.
"Әрбір курьер тұрғын үйлерге кіріп, азаматтардың жеке деректері мен олардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәліметтерге жанама түрде қол жеткізеді. Сондықтан біз курьерлерді жұмыс процесінің барлық кезеңінде биометриялық сәйкестендіруді енгізуді, аккаунттарды үшінші тұлғаларға беруге қатаң тыйым салуды, шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесін реттеуді және жол қозғалысы қағидаларының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды талап етеміз", — деді Кабдулдинов.
Ол агрегатор компаниялардың қызметінің заңдылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдармен тиімді ақпарат алмасу тетіктерін жолға қою және тартылған қызметкерлердің құқықтық мәртебесін тексеру мәселелеріне назар аударды.
Кеңес барысында платформалардың ішкі регламенттерін қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру, курьерлерге қатысты бақылауды күшейту, қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін шамадан тыс жедел жеткізуді ынталандыру тетіктерін қайта қарау және барлық қызметкердің заңды мәртебесін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
"Егер жүйелі өзгерістер енгізілмесе, полиция департаменті нормативтік реттеуді күшейту және агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауға бастамашылық етеді", — деп түйіндеді полиция департаментінің бастығы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы тұрғыны гүл жеткізу қызметінің курьері өзіне қол жүгірткені туралы әлеуметтік желіде видео жариялаған еді. Кейін сот ер адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, оған "Ұсақ бұзақылық" бабымен жеті тәулікке қамауға алу жазасын кесті.