АЛМАТЫ, 25 ақпан – Sputnik. Қаржы министрлігіне қарасты "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы ұсталды, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Ол лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді.
"Ол жекеменшік иесіне қорға аударылуға тиіс кепіл мүлкін сатудан түскен ақша қаражатын ұстап қалу құқығын заңсыз беріп, мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келтірген", - дейді комитет.
Бұдан бөлек, мемлекеттік мүлікті төмендетілген құнмен сатқан, салдарынан бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспей қалған.
"Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы ұсталды
"Сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатып, қорға 800 млн теңге көлемінде залал келтірген борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары ұсталды", - дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Соттың санкциясымен олар Қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынып, мүлікке тыйым салынды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.