"Таңғы төртте тұрамыз": дәрі кезегі қаншалықты шындыққа сәйкес

Sputnik
АЛМАТЫ, 24 ақпан – Sputnik. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында дәрі кезегіне қатысты шу шықты. Ұзын-сонар кезекті айтқан тұрғынның шағымы туралы басқа науқастар не дейді? Sputnik Қазақстан тілшісі айтады.
"Таңғы сағат төрттен тұрып, тізімге жазылып барып, дәріге әрең қолымыз жетеді". Дәл осылай деп шағым айтқан әйелдің базынасы БАҚ беттерінде жарияланды. Десе де, жергілікті өзге тұрғындардың пікірі басқа.
"Қан қысымым бар, есепте тұрамын. Таңғы төрттен кезекке тұрған кезім жоқ. Келіп ала беремін. Ондай кезек, тізім туралы естімеппін", - дейді Ұзынағаш тұрғыны Базар Үсенова.
Sputnik Қазақстан тілшісі аурухана маңында қарайған жұрттың бәрінен сұрады. Ешбірі дәрі кезегі туралы мардымды жауап айтпады.
Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы емхана
"Мен қант диабетімен есепте тұрамын. Міне, мына жерден жазып берді, қазір барып алайын деп тұрмын. Былтыр ондай болған, ол кезде ауылдағылар да осы жерден келіп алатын. Қазір кезек жоқ. Ылғи келіп аламын", - деп атап өтті тағы бір тұрғын.
Дәріхана сағат 09:00-16:30 аралығында жұмыс істейді. Фармацевтердің айтуынша дәрі қоры жеткілікті.
"Тегін дәрі қоры жеткілікті. Қанша адам есепте тұр, бір де біреуі дәрісіз қалған емес. Шағым айтқан кісі не үшін төртте, жетіде келіп жүр, ол жағын білмедім. Бізде жұмыс таңғы тоғыздан басталады. Ал тізімді кезекке тұрғандар өздері жазады. Мүмкін шатаспайық дейтін шығар", - деп түсіндірді дәріхана меңгерушісі Эльмина Вильданова.
Мамандар дәрі келді деп хабарлаған күні 1-2 күн адам қаптап кететінін жоққа шығармады.
1 / 3

Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы ескі дәріхана

2 / 3

Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы ескі дәріхана

3 / 3

Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы ескі дәріхана

"Қазір біз ескі ғимаратта қызмет етіп жатырмыз. Бір шеті осы жағдайға да шағымданатын болар. Бір айдан кейін дәріхананың жаңа ғимаратына көшеміз. БАҚ беттерінде таралған оқиға 8-9 ақпанда болған болуы керек. Сол кездері дәріханаға дәрілер түскен", - деп толықтырды дәріхана меңгерушісі.
1 / 3
Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы дәріхана
2 / 3
Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы дәріхана
3 / 3
Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы дәріхана
Таң атпай келіп, тізім жасап, сағаттап кезек күту тұрғындардың қолдан жасап алған қиындығы дейді дәріхана мамандары.