Еуразиялық экономикалық одақ тауарлардың шығу тегін растау рәсімін жеңілдетеді

Осылайша, ЕАЭО-ға әкелінетін бірқатар тауарды кедендік ресімдеу үшін қажетті құжаттар саны қысқарады
Sputnik
АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі ЕАЭО кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың преференциялық емес шығу тегін айқындау қағидаларына өзгеріс енгізді.
Құжат бұрын тарифтік жеңілдіктер алу үшін берілетін сертификаттарды енді тауардың шыққан елін растау үшін де пайдалануға мүмкіндік береді.
Соның нәтижесінде ЕАЭО-ға импортталатын бірқатар тауарды кедендік ресімдеу үшін талап етілетін құжаттар саны азаяды.
"Қабылданған шешім тауарларды кедендік ресімдеуді жеңілдетуге бағытталған. Ең алдымен, бұл одақпен еркін сауда туралы келісім жасаған елдерден тауар жеткізу кезінде импорттық операцияларды жүзеге асыру үшін қолданылатын құжаттар санын қысқартуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті ЕЭК-тің сауда министрі Андрей Слепнев.
Сондай-ақ, тауардың шығу тегін растайтын сертификаттарда межелі ел ретінде ЕАЭО-ға мүше кез келген мемлекетті немесе тұтастай одақты көрсетуге рұқсат етіледі. Бұл тауарды түпкілікті алушы бес елдің қайсысында орналасқанына қарамастан қолданылады.
Бұл үшінші елдерден Еуразиялық экономикалық одаққа жеткізу кезінде жүк алушы өзгерген жағдайда кедендік ресімдеу үдерісін жеңілдетеді.