АСТАНА, 23 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның Ішкі істер министрі Гела Геладзені қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Әңгімелесу барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бағыттарындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның Ішкі істер министрі Гела Геладзені қабылдады
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Президент Грузия Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі сенімді серіктесі саналатынын атап өтті. Сондай-ақ екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың уақыт тезінен өткен тарихи тамырластыққа құрылғанына тоқталды.
"Гела Геладзе Қасым-Жомарт Тоқаевқа шетелдік туристердің, соның ішінде Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін сақтау бойынша грузиялық құқық қорғау органдарының атқарып жатқан жұмысы жөнінде мәлімет берді", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстан мен Грузия ішкі істер министрліктері ұйымдасқан қылмысқа, есірткі тасымалдауға, киберқылмысқа және экстремизмге қарсы күрес, сондай-ақ озық тәжірибелер алмасу, маман даярлау бағыттарында өзара ықпалдастықты нығайтуға ниетті.
Кездесуде мемлекет басшысы Грузия президенті Михаил Кавелашвили мен премьер-министр Ираклий Кобахидзеге сәлемін жолдады.