АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Ұлыбританияның қорғаныс министрі Джон Хили өз лауазымында Украинаға британиялық бейбітшілік күштерін жіберетін алғашқы адам болғысы келетінін айтты, деп хабарлады РИА Новости.
"Мен британиялық әскерлерді Украинаға орналастыратын қорғаныс министрі болғым келеді.Себебі бұл қақтығыстың аяқталғанын білдіреді", - деді Хили Telegraph басылымына берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, бейбітшілікті қолдау бастамасының бөлігі ретінде 70 адамнан тұратын жедел штаб құрылды.
6 қаңтарда Париждегі "ниеттестер коалициясының" кездесуінен кейін Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер коалиция жетекшілері бейбітшілікке қол жеткізілген жағдайда Украинаға әскер жіберу туралы декларация қабылдағанын мәлімдеді. Ол егер атысты тоқтатуға қол жеткізілсе, британиялықтар мен француздар бүкіл ел бойынша әскери базалар құрып, Украина Қарулы Күштері үшін жабдық қоймаларын салады деп мәлімдейді.
Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Мәскеу ешқашан, ешқандай жағдайда да, егер олар "ниеттестер коалициясының" мүшелері болса да, Украинада НАТО әскерлерін орналастыруға келіспейтінін хабарлады.