Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің өзара сауда көлемі 11,9 млрд доллардан асты

Sputnik
АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) елдерінің өзара сауда көлемі 11,9 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл туралы Түркістан қаласында экономика және сауда министрлерінің 14-ші кездесуінде айтылды.
ТМҰ елдерінің экономика және сауда министрлерінің кездесуі
Экономика министрлігінің мәліметінше Қазақстанның ең үлкен тауар айналымы Өзбекстанмен - 4,3 млрд доллар, Түркиямен - 4,9 млрд доллар, Қырғызстанмен - 2 млрд доллар, Әзербайжанмен - 425 млн доллар болып тіркелді.
"Кейінгі 20 жылда (2005-2025 жж.) ТМҰ елдерінен Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 6,3 млрд доллардан асты, оның шамамен 210 млн доллары 2025 жылы тартылды. Ал ТМҰ мемлекеттерінің экономикаларына қазақстандық инвестиция шамамен 5 млрд долларға жетті, оның ішінде 2025 жылы 1,3 млрд доллардан асты", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстанда ТМҰ елдері капиталының қатысуымен 12 мыңнан астам компания және сауда мен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға елеулі үлес қосатын 1300-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Қазақстанның ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев
"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ-ның экономикалық әлеуетін арттырудың, көліктік-логистикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі түркі инвестициялық қоры болып отыр. Біз қор тарапынан қаржыландыруға әлеуетті дайын басым жобалардың тізбесін қалыптастыруға кірісуді ұсынамыз", - деп атап өтті Қазақстанның ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев.
Сауда кедергілерін жоюға, көлік маршруттары мен цифрлық сауда құралдарын дамытуға ерекше назар аударылады. Орта дәліздің өзара сауданың өсуіне қосымша мүмкіндіктер ашатын Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі бағыттардың бірі ретіндегі стратегиялық рөлі аталып өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы экономика, сауда, инвестициялар және қаржы салаларындағы ынтымақтастықтың Жол картасы бекітілді. Құжат бірлескен жұмыстың басым бағыттарын және оларды тәжірибелік іске асыру тетіктерін айқындайды.
Отырыстың басты оқиғасы қол жеткізілген уағдаластықтарды бекіткен экономика және сауда министрлерінің 14-ші кездесуі коммюникесіне қол қою рәсімі өтті.
Бұдан басқа, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда саласындағы әріптестік туралы өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.