АСТАНА, 18 ақпан – Sputnik. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі уақытша 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Ведомствоның мәліметінше, жаңартылған тізбе бойынша ТОП-800 сауда нысаны айқындалып, мәліметтер жергілікті атқарушы органдарға жолданды.
"Тауар нарығын талдау және жекелеген позициялардың инфляция құрылымына әсерін бағалау негізінде тоғыз басым тауар айқындалды. Олардың қатарына қырыққабат, сәбіз, картоп, пияз, күнбағыс майы, ұн, сиыр еті, күріш және макарон өнімдері енгізілді. Аталған тауарлар бойынша маусымаралық кезеңінде басым реттеу шаралары қолданылады", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстан ЕАЭО елдері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ең төмен бағалардың бірін сақтап отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 8,6% болды.
"Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында аталған санаттағы тауарлар бойынша ең төмен бағалардың бірін сақтап келеді. Бұл нәтижеге сауда үстемелеріне бақылауды күшейту, өңірлік комиссиялар мен тұрақтандыру қорларының белсенді жұмысы, маусымаралық кезеңде нарықты толықтыру шаралары, сондай-ақ сауда акциялары мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу себеп болды", - дейді мамандар.
Министрлік халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен маусымдық факторларға тәуелсіз тұрақты қамтамасыз етудің жаңа моделін әзірледі. Модель тіркелген бағаларды белгілеуді, делдалдық құрылымдардың негізсіз жоғары маржасын болдырмауды және әкімдіктердің ресурстарын шоғырландыру арқылы нарыққа үйлестірілген ықпал етуді көздейді.
2025 жылы шекті сауда үстемесінің сақталуын мемлекеттік бақылау аясында 2 913 әкімшілік қаулы қабылданды. Оның ішінде 57,1 млн теңге сомасына 1 743 айыппұл салынды және 1 170 ескерту берілді.