АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Алматы қаласында жүздеген адамды 620 млн теңгеге алдаған компания басшысы ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу материалына сәйкес, күдікті 2013–2021 жылдар аралығында өмірді сақтандыру мен жинақтаушы сақтандыру салымдарына инвестиция салуға болады деп, ақшаны жымқыру схемасын ұйымдастырған. Оны "Partners & Consultants" жобасы ретінде таныстырған.
"Ол адамдарды өзіне бағынысты "Evroasia Global Investment" АҚ мен "Evropa Investment" ЖШС есепшоттарына ақша аударуға үгіттеп, жылына 12%-ға дейін тұрақты табысқа кепілдік берген. Ал жобаның сенімділігін дәлелдеу үшін шын мәнінде жоқ халықаралық сақтандыру бағдарламалары мен сертификаттарына сілтемелер қолданған", - дейді агенттік мамандары.
Барлық ақша аударым арқылы қабылданған. Одан кейін салымшыларға ұзақ мерзімді депозиттер мен инвестициялық міндеттемелер жайында жалған құжаттар берілген. Осылайша, бұл схемаға 270 адам алданды. Ал материалдық залаллың көлемі 620 млн теңгеден асты.
Күдікті жиналған ақшаны жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алуға жұмсап тастаған. Қазіргі кезде ол мүлікті пайдалануға уақытша шектеу қойылды. Күдікті қамауға алынды.