АСТАНА, 12 ақпан - Sputnik. Қазақстан мен Беларусь екі елдің жоғары оқу орындарының базасында медициналық кадрлар даярлайтын болады, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Астанада Қазақстан денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Беларусьтің Қазақстандағы елшісі Алексей Богданов кездесті.
Кездесуде тараптар қазақстандық жетекші клиникалар базасында медициналық туризмді дамыту, оның ішінде кардиохирургия, трансплантология және нейрохирургия сияқты бағыттар туралы талқылады.
Дәрілік заттарды тіркеу және фармацевтикалық өнімдердің бағасын реттеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ екі елдің бейінді оқу орындарының базасында тәжірибе алмасу, бірлескен оқыту іс-шараларын өткізу және медицина кадрларын даярлау мәселелері қаралды.
"Біз Беларусь Республикасымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз және медициналық көмектің сапасын барынша арттыру үшін білім мен озық тәжірибелермен алмасуға дайынбыз", - деді Әлназарова.
Сондай-ақ үкіметаралық комиссияның уағдаластықтары шеңберінде бірлескен жобаларды және ТМД мен ШЫҰ-ны қоса алғанда, халықаралық ұйымдардың алаңдарында өзара іс-шара жүзеге асырылады.