ЕАЭО-да тасымалды қадағалау үшін навигациялық пломбалар қолданылады

Жаңа ереже автокөлік және теміржол арқылы тасымалданатын жүктерге қатысты
Sputnik
АСТАНА, 11 ақпан – Sputnik. 2026 жылдың 11 ақпанынан бастап Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) тасымалды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды міндетті түрде қолдану ережесі күшіне енді.
Мұндай шешімді 2025 жылдың 23 қыркүйегінде Еуразиялық экономикалық комиссияның алқасы қабылдады. Бұл – 2022 жылдың 19 сәуірінде қол қойылған "ЕАЭО-да тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану" туралы келісімді жүзеге асырудың үш кезеңінің бірінші кезеңі.
Келісім ЕАЭО-ның екі немесе одан да көп мүше елдерінің аумағындағы автокөлік және теміржол арқылы тауарларды тасымалдауға қолданылады.
Бірінші кезеңде алкоголь мен темекі өнімдерінің автокөлік және теміржол тасымалы пломбаланады.
Сондай-ақ "санкциялық" тауарлар және транзит, экспорт немесе ЕАЭО елдері арасында саудаланған тауарлар да пломбалануға тиіс.
"Сонымен қатар кейбір жоғары бағалы (салық салынатын) тауарларды автокөлікпен тасымалдау кезінде де пломбалау міндетті болады. Навигациялық пломбаларды қолдану туралы шешімді бақылаушы органдар қабылдайды", – деп түсіндірді Ресей Федералдық кеден қызметі.