АСТАНА, 11 ақпан – Sputnik. "ҚазАгроҚаржы" АҚ ұсынған қорытынды дерекке сәйкес, 2025 жылы ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру көлемі бойынша компания рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
"Есепті кезеңде шаруаларға жалпы сомасы 268,9 млрд теңгеге 10 393 бірлік техника лизингке берілді. Өсімге президент тапсырмасы бойынша орындалған 5%-дық жеңілдетілген лизинг бағдарламасы себеп болды", - деп хабарлады компанияның баспасөз-қызметі.
Аталған бағдарлама өңірлердегі техниканы жаңарту қарқынын жеделдетіп, шаруалардың қаржыландыру құралдарына тиімді шарттармен қол жеткізуін қамтамасыз етті. 2025 жылы бағдарлама аясында 8 893 бірлік техниканы сатып алуға 225,6 млрд теңге сомасына 6 395 келісімшарт жасалды. Нәтижесінде бұл бағдарлама ел бойынша шаруашылықтарды технологиялық қайта жарақтандырудың негізгі тетігіне айналды.
"Дәстүрлі түрде ең жоғары сұраныс тракторларға тиесілі болды. 2025 жылы олардың 4 249 бірліктен астамы 104,8 млрд теңгеге сатып алынды. Астық жинайтын комбайндарға да жоғары сұраныс сақталды – 92,9 млрд теңгеге 807 бірлік", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар шаруалар сепкіштерге (794 бірлік, 8,9 млрд теңге) және егіс кешендеріне (112 бірлік, 15,8 млрд теңге) инвестиция салды.