Түркістанда шетелдік құрған қылмыстық топ адамдарға 125 млн теңгеден астам шығын келтірген

20 күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылса, 2 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды
Sputnik
АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Түркістан облысында арнайы прокурорлар интернет-алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлады бас прокуратура.
Тергеп-тексеру барысында 2024–2025 жылдар аралығында шет мемлекеттің азаматы Қазақстан Республикасының аумағында әрекет етіп, интернет және телефон арқылы алаяқтық жасағаны анықталды.
"Ол алаяқтық арқылы 21 жәбірленушіге жалпы сомасы 125 млн теңгеден астам материалдық залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топты құрған және басқарған", - деп жазылған хабарламада.
Алаяқтық мобильді байланыс құралдарын пайдалана отырып, телефон қоңыраулары арқылы жасалған. Күдіктілер өздерін пошта ұйымдары мен байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау жолымен азаматтардың атына несие рәсімдеп, алынған ақшалай қаражатты иемденген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге 20 млн теңге қайтарылды. Күдіктілердің 3 автокөлік құралына тыйым салынды. Қалған залал сомасы сот тәртібімен мәжбүрлеп өндірілетін болады.
20 күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. 2 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды.
Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталды.
Еңбек визаларын заңсыз рәсімдеген қылмыстық топ мүшелері сотталды