АСТАНА, 6 ақпан - Sputnik. Жамбыл облысы Жаңатас қаласында жел екпіні күшейіп, тұрғын үйлердің шатырын ұшырып әкетті, деп хабарлайды облыстық әкімдік.
6 ақпанда болған боранның жылдамдығы секундына 32 метрге жеткен. Салдарынан бірқатар нысанға зақым келді:
1-шағын аудандағы №32, 33, 34, 35 тұрғын үйдің,
3-шағын аудандағы №6 тұрғын үйдің,
4-шағын аудандағы №15 және №15 "а" тұрғын үйлердің шатырлары жартылай ұшқан.
"Сонымен қатар Бейбітшілік көшесінде орналасқан ту тұғыры құлап, аудан аумағында электр жарығы уақытша сөнді", - дейді әкімдікте.
Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтар туралы ақпарат тіркелген жоқ.
Оқиғаға байланысты аудан әкімдігінде жедел штаб құрылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында, дейді облыстық әкімдікте.
23 Маусым 2025, 10:53