Қызылша ауруы өршіді: министрлік ата-аналарға үндеу жасады

Пациенттердің 79%-ы вакцинацияланбаған
Sputnik
АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаның өршуіне байланысты профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды күшейтті.
Ведомствоның дерегі бойынша өткен жылдың соңынан бастап елде қызылшамен сырқаттанғандар көбейді. Эпидемиологиялық талдау көрсеткендей пациенттердің көпшілігі вакцинацияланбаған азаматтар.
"Сонымен, пациенттердің 79%-ы вакцинацияланбаған, тағы 8,4%-ы толық емес иммундау курсын алған, 10%-ның иммундық мәртебесі белгісіз. Вакцинацияланбаған балалардың шамамен 59%-ы ата-аналарының шешімі бойынша вакцина алмағаны ерекше алаңдаушылық тудырады", - деп жазылған хабарламада.
Жыл басынан бері республикада қызылшаны 1 951 адам жұқтырған. Науқастардың ең көп саны:
Астана қаласында - 581 жағдай,
Жамбыл облысында - 339,
Алматы қаласында - 317,
Алматы облысында - 146 жағдай тіркелді.
Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға балалардың егу мәртебесін тексеруді және Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес уақтылы вакцинациялауды ұсынды.
Вакцинациялау туралы толық ақпаратты EGU.KZ сайтынан және 7701 нөмірі бойынша алуға болады.