Маңғыстау облысында танысына 300 рет қоңырау шалған адам қамауға алынды

Sputnik
АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Маңғыстау облысында танысын қудалап, әртүрлі абоненттік нөмірлерден бірнеше рет қоңырау шалған тұрғын қамауға алынды, деп хабарлайды Polisia.kz.
2026 жылдың 3 ақпанында Ақтау қаласы полиция басқармасына Маңғыстау облысының тұрғыны арызданған. Арызда бұрынғы танысы 2024 жылдың қазан айынан бастап қудалап, әртүрлі абоненттік нөмірлерден бірнеше рет қоңырау шалып, байланыс орнатуға тырысқанын айтқан.
"Сондай-ақ күдікті жәбірленушінің тұрғылықты мекенжайына, жұмыс орнына және Ақтау қаласындағы ойын-сауық орындарына барып, мазасын алған", - деп жазылған хабарламада.
Жәбірленушінің айтуынша, күдікті әртүрлі нөмірлерден шамамен 300 рет қоңырау шалған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің "Заңсыз қудалау" бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеу барысында күдіктіге қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, профилактикалық есепке қойылғаны анықталды. Алайда ол заңсыз әрекеттерін тоқтатпай, жәбірленушіні қудалауын жалғастырған. Осыған байланысты қорғау нұсқамасын бұзу дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазіргі уақытта азамат Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.