АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Түркістан облысы Қостүйін станциясында жолаушылар пойызы адам қағып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайғылы оқиға 2 ақпанда сағат 16:10-да болған.
"Арыс-Түркістан учаскесінде №77 "Алматы – Маңғыстау" жолаушылар пойызы адам қағып кетті. Машинист 78 км/сағ жылдамдықпен келе жатып, пойызды шұғыл тежеген. Алайда оған қарамастан адам өліміне әкеп соқты", - деп жазылған "Қазақстан темір жолы" АҚ хабарламасында.
Қайтыс болған адам әскерилендірілген теміржол күзетінің қызметкері болған.
Көліктегі полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
"Түркістан станциясының желілік полиция бөлімі абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан темiржол көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады", - дейді көлік полициясы.
Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.