АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – Nishan-e-Pakistan ордені табысталды, деп хабарлады Ақорда.
"Исламабадта өткен салтанатты іс-шарада Пәкістан президенті Асиф Али Зардари мен премьер-министрі Шахбаз Шариф мемлекет басшысын Nishan-e-Pakistan орденімен марапаттады", - деп жазылған хабарламада.
Награда ел дамуына ерекше үлес қосқан Пәкістан азаматтарына және шетелдік мемлекет, саясат, сондай-ақ қоғам қайраткерлеріне беріледі.
Жиынға Пәкістанның үкімет мүшелері, парламент депутаттары, қарулы күштерінің жоғары басшылық құрамы және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан – жер аумағы мен экономикалық әлеуеті тұрғысынан Орталық Азиядағы ең ірі ел. Ал Пәкістан Оңтүстік Азия, Орталық Азия, сондай-ақ Таяу Шығыс түйіскен тұста тиімді орналасқан. Бұл – ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін маңызды геосаяси артықшылық.