АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Исламабадта әл-Фараби, Қаныш Сәтпаев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәдени-білім беру орталықтарының, сондай-ақ "Достық" спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Ақорда.
Әл-Фараби орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен "Каид-и-Азам" университеті (Quaid-i-Azam University) арасындағы ынтымақтастық шеңберінде ашылды. Ғимарат оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен, сонымен бірге заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен, жиһазбен қамтылған. Орталық базасында қазақ тілі курстары ұйымдастырылмақ.
Қазақстан Исламабадта үш мәдени және бір спорт кешенін ашты
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Қаныш Сәтпаев орталығы Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (Satbayev University) мен Пәкістан ұлттық ғылым және технология университеті арасындағы ғылым, білім беру, сондай-ақ технология салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі уағдаластықтарға сәйкес жұмыс істейтін болады.
"Қожа Ахмет Ясауи орталығы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Исламабад Халықаралық ислам университетінің келісімі бойынша ашылды", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстан Исламабадта үш мәдени және бір спорт кешенін ашты
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Достық" спорт орталығында тоғызқұмалақ және қазақ күресі бойынша пәкістандық федерациялар құру, Қазақстан шахмат академиясының, Qazaq batyry аралас жекпе-жегінің филиалдарын ашу, сондай-ақ екі елдің грэпплинг пен бокс федерациялары арасындағы ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр. Қос мемлекет пәкістандық жаттықтырушылар мен спортшыларды оқыту үшін бірлескен оқу-жаттығу жиындарын қолға алмақ.