Әсет Ерғалиев президенттің кеңесшісі болды

Ол сондай-ақ стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы лауазымын атқарады
Sputnik
АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Әсет Ерғалиев президенттің кеңесшісі – стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болды, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Әсет Арманұлы Ерғалиев Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі – стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Әсет Ерғалиев 1986 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Еуропа қайта құру және даму банкі Экономикалық департаментінің Шығыс Еуропа және Кавказ бойынша өңірлік талдаушысы болып бастады.
2013 жылғы қаңтардан 2016 жылғы маусымға дейін Ұлттық экономика министрлігі жанындағы "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ вице-президенті, басқарма төрағасының орынбасары, басқарма төрағасының бірінші орынбасары, басқарма төрағасы болды.
2016 жылғы қазан мен желтоқсан аралығында — "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаевтың кеңесшісі.
2016 жылғы желтоқсаннан 2017 жылғы тамызға дейін — премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың кеңесшісі.
2017 жылғы тамыздан 2018 жылғы қыркүйекке дейін — премьер-министр кеңсесінің жобалық басқару орталығының меңгерушісі.
2018 жылғы қыркүйектен 2019 жылғы наурызға дейін — ұлттық экономика вице-министрі.
2019 жылғы наурыз бен тамыз аралығында премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары болды.
2019 жылғы тамыздан 2021 жылғы қаңтарға дейін — ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
2021 жылғы қаңтардан 2022 қаңтарға дейін Қазақстанның ұлттық экономика министрі қызметінде болды.
2022 жылғы 6 қаңтардан бастап стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болды.
2023 жылғы 2 қыркүйекте президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.
2024 жылғы 16 мамырда Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі болып тағайындалды.
2025 жылғы 28 ақпанда стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.