АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Украина қауіпсіздігін Ресейге дәл сондай кепілдіктер беру арқылы қамтамасыз етуге болады. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.
"Барлығы Украинаның қауіпсіздігіне кепілдіктер беру қажеттігін айтып жүр. Алайда соңғы айларда ғана емес, тіпті соңғы жылдарда да бейбіт реттеу немесе бейбіт формуланың ажырамас бөлігі ретінде Ресейдің қауіпсіздігіне кепілдіктер берілуі тиіс деген пікірді ешкімнің айтқанын естіген жоқпын. Дегенмен, Украина қауіпсіздігіне ең тиімді кепілдік – Ресей қауіпсіздігіне берік кепілдік екені кез келген адамға анық", — деді ол.
Дипломаттың айтуынша, Мәскеу көршілес мемлекеттің аумағы Ресейге қарсы қауіп төндіретін плацдарм ретінде пайдаланылмайтынына көз жеткізген жағдайда ғана Киевтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін болады.
Ресей СІМ Украина аумағында НАТО-ға мүше мемлекеттердің әскерін орналастырудың кез келген нұсқасы қабылдауға келмейтінін және жағдайдың күрт шиеленісуіне әкелетінін атап өтті. Президент Владимир Путин Мәскеу өз шекаралары маңында орналасқан шетелдік әскери контингенттерді заңды нысана ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бейбітшілік келісіміне қол жеткізілгеннен кейін көрші елде шетелдік әскерлердің болуы орынсыз болады.
Украина бойынша келіссөздер
Жұма мен сенбі күндері Абу-Дабиде қауіпсіздік мәселелері бойынша үшжақты жұмыс тобының алғашқы кездесуі өтті. Оған Мәскеу, Киев және Вашингтон өкілдері қатысты. Кездесу жабық форматта өтіп, тараптар америкалық бейбіт жоспардың шешілмеген тұстарын талқылады. Келесі кездесу 1 ақпанға белгіленген. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, ол екіжақты форматта өтеді, алайда қажет болған жағдайда АҚШ тараптарға қосылуы мүмкін.
Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, бастапқыда АҚШ ұсынған бастама Донбасс аумағын толықтай Мәскеудің бақылауына беруді, Донбасс пен Қырымды Ресей аумағы ретінде тануды, Запорожье мен Херсон облыстарындағы байланыс желісінің көп бөлігінде қақтығысты тоқтатуды, Украина Қарулы күштерінің санын екі есе қысқартуды, сондай-ақ Украина аумағында шетелдік әскерлер мен алыс қашықтықтағы қару-жарақты орналастыруға тыйым салуды көздеген.
БАӘ-дегі келіссөздерге дейін Владимир Путин мен арнайы өкіл Стивен Уиткофф бастаған америкалық делегацияның кездесуі өтті.
Кремльдің хабарлауынша, америкалық тарап Анкориджде келісілген формула аясында аумақтық мәселе шешілмейінше, ұзақ мерзімді реттеуге қол жеткізу мүмкін емес екенін мойындаған. Украина Қарулы күштері Донбасс аумағынан шығуы тиіс — бұл Мәскеу үшін негізгі талаптардың бірі.