АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Келесі айдан бастап студенттер әскери кафедраға оқуға түсуге өтінішті eGov.kz порталы арқылы толығымен онлайн форматта бере алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-сына сілтеме жасап.
Әскери кафедраға күндізгі бөлімде оқитын бакалавриат студенттері 1 ақпан мен 30 қыркүйек аралығында өтініш тапсыра алады.
Электронда жүйе алдымен үміткер туралы психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлері бойынша, сондай-ақ мүгедектігінің және соттылығының бар-жоғына қатысты мәліметтерді автоматты түрде тексереді. Жеке басын куәландыратын деректер мен білім туралы мәліметтер де мемлекеттік ақпараттық базалардан алынады. Өтінішті қарау мерзімі - бес жұмыс күні.
Қызметті пайдалану тәртібі:
eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, "Басты бет" – "Азаматтарға" – "Әскери есеп және қауіпсіздік" – "Әскери қызмет" бөлімдеріне өту;
"Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында әскери кафедраға оқуға түсу үшін өтініштерді қабылдау" қызметін таңдап, "Онлайн сұрау" батырмасын басу;
қажетті деректерді толтырып, әскери кафедра мен оқу бағдарламасын таңдау;
дербес деректерді пайдалануға келісім беру;
сұранысты қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау.
Ал өтініштің қарау нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде "Қызметтерді алу тарихы" бөлімінде қолжетімді болады.
"Оң шешім қабылданған жағдайда өтініш берушіге уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық құжат ұсынылады. Бас тартылған жағдайда себептері көрсетілген дәлелді хабарлама жіберіледі", - дейді мамандар.
Айта кетері, бүгінде әскери кафедрадан кейін запастағы лейтенант немесе запастағы кіші сержант шендері беріледі. Бұрын студенттер құжаттарды тікелей жоғары оқу орындарында қағаз түрінде тапсырған.