АСТАНА, 30 қаңтар - Sputnik. Қазір еліміздегі волонтерлердің саны 300 мыңға жетті. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер форумында айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің айтуынша, Қазақстан "волонтер болам, қоғамдық іспен айналысам" деген әрбір азаматты қолдайды.
Қазір елімізде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Еріктілердің саны да артып келеді. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер болса, қазір олардың қатары 300 мың адамға жеткен.
Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты.
"Қазіргі таңда еріктілеріміз экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде "Жас ағаш", "Эко бақылау", "Білім волонтерлері" жобаларын ерекше атап өтуге болады. Осындай іс-шараларға 100 мыңға жуық ерікті қатысты. Әр бастаманың елге, қоғамға берер пайдасы мол. Мен өздеріңіз сияқты жасампаз жастарға зор үміт артамын", - деді Тоқаев.
Ол волонтерлерге тоқтамай, тек қана алға қарай жүру үшін заман ағымына сай болу өте маңызды екенін айтты.
Мемлекет басшысы форумда айтылған ұсыныстарды қолдайтынын және олардың ең пайдалысын жүзеге асыру бойынша тапсырма беретінін жеткізді.
"Жаңа ғана бірнеше азамат сөз сөйледі, салмақты ойларын ортаға салды. Ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Олардың көбін мен қолдаймын, ең пайдалы ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беремін. Халқымыз "Ақыл – жастан" деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында. Бәріңізге "Жарайсыздар!" деп айтқым келеді", - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев сын сағаттарда волонтерлер кез келген шаруаға зор жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс істегенін айтты.
"Пандемия кезінде еріктілердің ерлігіне бүкіл ел куә болды. Күрделі кезеңде мыңдаған волонтер алдыңғы шепте еңбек етті. Олар дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, мұғалімдерге, мұқтаж жандарға көмектесті. Алапат тасқын кезінде еріктілер құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалысты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұмыс істеді. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, көп", - деді мемлекет басшысы.