АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі.
Президент Волонтерлер форумының ашылуы салтанатымен құттықтап, басқосудың ерекше екенін атап өтті.
"Мен Сіздерді қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп санаймын. Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтуде. Өздеріңіз білесіздер, бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында көтердім. Еліміздің ұсынысы жаһандық ауқымда қолдау тапты. Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз", - деді Тоқаев.
Президент жиында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мәселесін айтты.
Ол өзгеріс - елдің дамуын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
" Ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар. Патриотизм – құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауапкершілікпен қараған абзал. Мен бұл жайында жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан болатынмын. Отаншыл азамат дегеніміз – жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат. Танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кинг "I have a dream", яғни "Менің де арманым бар" деген еді. Сондықтан "мына әлемді жақсарта түсемін" деп армандаңыздар. Мұраттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын", - деді Тоқаев.