Жамбыл облысындағы 70-тен астам су арнасына жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Жөндеу жұмыстары Ислам даму банкінің қаржыландыруымен жүзеге асырылады
Sputnik
АСТАНА, 29 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысында биыл Ислам даму банкінің қаржыландыруымен 76 су арнасына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, жөнделетін арналардың жалпы суару алаңы 51,4 мың гектарды құрайды. Аталған алқаптарға су жеткізу мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты суармалы егістік көлемі қысқартылады.
"2026 жылы егіс алқаптарының жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 16,7 мың гектарға азайып, 623,3 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Бұл ретте егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлініп, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беріледі", - деп жазылған хабарламада.
Осы жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 50,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 37,1 млрд теңге субсидиялауға, 6,5 млрд теңге СҚО тәжірибесін таратуға, 7 млрд теңге "Ауыл аманаты" бағдарламасын қаржыландыруға бағытталады.
Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл жалпы құны 35,1 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Жамбыл облысында сапасыз салынған су арнасы бұзылды