Еңбек визаларын заңсыз рәсімдеген қылмыстық топ мүшелері сотталды

Сотталғандардың арасында Алматы қаласының миграция қызметінің қызметкері бар
Sputnik
АСТАНА, 28 қаңтар - Sputnik. Түркия азаматтарымен бірігіп заңсыз еңбек визаларын жасаған қылмыстық топ сотталды, деп хабарлайды Астана соты.
Қазақстан аумағында бірнеше ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу дерегі бойынша қылмыстық істі қаралды.
"2020–2023 жылдары Қазақстан тұрғыны Түркия азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастыру мақсатында қылмыстық топ құрған. Таныстарын, соның ішінде Түркия азаматтарын, сондай-ақ Қазақстан азаматтарын және Алматы қаласының миграциялық қызметінің қызметкерін қылмыстық әрекеттерге тартқан. Сөйтіп тұрақты ұйымдасқан қылмыстық бірлестік құрылған", - дейді сотта.
Қылмыстық топ Қазақстан аумағында Түркия азаматтарына еңбек визаларын заңсыз рәсімдеген. Жалған құжаттар мен электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін қолданған. Топ әрекетінің барысында шетел азаматтарының қатысуымен ондаған ЖШС тіркеліп, қаржылық қаражаттар алынған және визаларды заңсыз алу үшін құжаттар рәсімделген.
Айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді.
"Сот үкімімен топты ұйымдастырушы 10 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды. Миграция қызметкері 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған бес айыпталушыға әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - дейді Астана соты.
Тағы бір айыпталушы ҚР ҚК 394-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2025 жылғы 23 маусымдағы "Қазақстан Республикасының Конституциясының отыз жылдығына байланысты амнистия туралы" ҚР Заңы негізінде негізгі жазадан босатылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қарағандыда қылмыстық топ балалар үйі тәрбиеленушілерінен ақша бопсалаған