"Jibek Joly" туристік пойызы үш елді байланыстырады

"Jibek Joly" туристік пойызының іске қосылуы теміржол туризмін дамытудағы маңызды кезең болды
Sputnik
АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. 2026 жылдың 20-25 наурыз аралығында "Jibek Joly" халықаралық туристік пойызы Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды біріктіреді, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" АҚ.
Жоба аясында алғаш рет туристік бағыт Душанбе қаласына дейін ұзартылды.
"Ұлы Жібек жолының тарихи қалалары арқылы өтетін бұл бағыт Алматыдан басталып, Түркістан, Самарқан, Душанбе және Ташкентті қамти отырып, Орталық Азияның рухани және заманауи орталықтарын байланыстырады", - деп жазылған хабарламада.
Туристік пакеттің бағасына туристік пойызбен қатынау, кәсіби гидтердің қатысуымен әзірленген экскурсиялық бағдарлама, кіріс билеттері, сондай-ақ трансфер қызметтері қамтылған.
Жобаның ерекше маңыздылығы оның Наурыз мейрамы мен қасиетті Рамазан айының аяқталуымен тұспа-тұс келуімен айқындалады. Сапар барысында қатысушылар Орталық Азия халықтарының мерекелік дәстүрлері, ұлттық салт-санасы, музыкасы мен әдет-ғұрыптарымен кеңінен танысу мүмкіндігіне ие болады.
"Jibek Joly" туристік пойызының іске қосылуы теміржол туризмін дамытудағы маңызды кезең болып, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасындағы мәдени ықпалдастықты күшейтуге, сондай-ақ өңірдің бай тарихи мұрасын кеңінен дәріптеуге серпін береді.