Еуразиялық экономикалық одақта климаттық күн тәртібі талқыланды

Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) әзірге көміртек шығарындыларын есептеу және оны верификациялау жүйесі жоқ
Sputnik
АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде ЕАЭО-ның климаттық күн тәртібіне арналған семинар өтті.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен бизнес қауымдастығының өкілдері Еуразиялық "бестік" елдерінің сауда серіктестері, соның ішінде Қытай Халық Республикасының көміртекті реттеу шараларын енгізуіне байланысты Одақ елдері экспорттаушылары үшін туындайтын тәуекелдер мен мүмкіндіктерді талқылады.
Оның ішінде өнімдердің кең ауқымы бойынша көміртек шығарындыларын есептеу жүйесі де қаралды.
"Қазіргі уақытта ЕАЭО шеңберінде көміртек шығарындыларын есептеу және оны верификациялау бойынша бірыңғай жүйе жоқ. Бұл біздің елдеріміздің экспортына, инвестициялық тартымдылығына және технологиялық дамуына қауіп төндіреді", – деді ЕЭК-тің сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Оның айтуынша, мұндай жүйені құруға қажетті құралдар ЕАЭО-ның 2030 жылға дейінгі стратегиялық құжаттарында мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу арқылы қарастырылған.
Сондай-ақ, ол аталған стандарттарды әзірлеу жөніндегі жоспарды дайындау жұмыстары жақын уақытта басталатынын атап өтті.