Баласын шетелге байқауға апармақ болған алматылықтар алданып қалды

Күдіктінің берешегі шамамен 120 миллион теңгеге жеткен
Sputnik
АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Алматыда кішкентай өнерпаздарды шетелде өтетін байқауға апарамын деп сан соқтырған әйелге қатысты сот басталды.
40 жастағы Лариса Жұмаева ата-аналардан кемі 350 мың теңгеден жинап алған. Алайда балалар халықаралық байқауда бақ сынамақ түгілі, шетелдің шетін көрмеген. Күдікті кінәсін жартылай мойындап отыр, деп хабарлады КТК.
"Жұмаева қаражатты жеке пайдасына жаратқан. ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағында көрсетілген қылмысты жасаған", - дейді прокурор Айнұр Күнтуқызы.
Еліміздің әр өңірінен жиналған ата-аналар Лариса Жұмаеваның үстінен жаппай арыз түсірген. Продюсерлік орталықтың ұйымдастыруымен 500-ден аса бала Түркияға барып, "Мен де жұлдыз боламын" деп аталатын халықаралық өнер байқауына қатысуы керек болған. Бірақ балалар ешқайда бармапты. Жиналған қаражат та кері қайтарылмаған.
Күдіктінің берешегі шамамен 120 миллион теңгеге жеткен. Әйелге ақпарат жүйесін пайдалану арқылы жасалған алаяқтық дерегі бойынша айып тағылып отыр. Түскен 500-ден аса арыздың 95-і ғана сотқа жетті дейді сан соғып қалғандар. Олар қаражатын қайтарып, әйелдің тиісті жазаға тартылуын талап етеді.
"Бізді сотқа шақырып еді, біз сотта тізімде жоқпыз. Тек 95 адам тізімде тұр. Мінекей, сот болып жатыр. Біз сотқа түсе алмадық, шақырылмадық. Біздің талабымыз — ақшамыз қайтарылсын. Еңбегіміз ғой! Сонша халық таң атпай келдік", - дейді жәбірленуші Лариса Жангашева.