АСТАНА, 26 қаңтар - Sputnik. Ұлытау облысының тұрғыны вейптерді заңсыз сату бойынша күдікке ілінді.
Қаржылық мониторниг агенттігі электронды тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз сату, сондай-ақ төлем құралына заңсыз қол жеткізу (дропперлік) фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
2024 жылдан бастап Сәтбаев қаласының тұрғыны әлеуметтік желілер арқылы вейптерді сатуды ұйымдастырған. Өнімді өткізу қашықтан жүзеге асырылып, жеткізілім курьер арқылы жүргізілген.
"Вейптерді сатудан түскен қылмыстық кірістірді заңдастыру мақсатында күдікті "дроп-схеманы" қолданған: ақшалай сыйақы үшін ол үшінші тұлға — дроппердің атына рәсімделген банктік мобильді қосымшасына қол жеткізген. Тінту барысында 500-ден астам вейп тәркіленді", - дейді агенттікте.
Ұйымдастырушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылды.
Соттың санкциясымен оның банк шоттарындағы 30,7 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатына тыйым салынды.