АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда теміржол контейнерлерінен жүк ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ішкі істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Былтыр сәуір айында Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарынан құралған қылмыстық топ ұсталған болатын.
"Алты адам бірнеше ай бойы "ҚХР-Еуропа" халықаралық бағытымен қатынаған пойыздардың контейнерлерінен жүк ұрлап келген. Ұрланған заттардың ішінде бейнебақылау камералары, балалар арбалары және көлік бөлшектері болған. Жүк иелеріне келтірілген жалпы шығын 212 миллион теңгеден асты", - деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық топ мүшелерінің кінәсі дәлелденіп, келтірілген материалдық залал толық көлемде өтелді.
Сот шешімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.