АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында вице-президентке берілетін өкілеттіліктер талқыланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевтың айтуынша, вице-президенттің кандидатурасын мемлекет басшысы ұсынады. Ал құрылтай (қазіргі мәжіліс – Sputnik) өз келісімін береді. Ол үшін депутаттар дауыс береді.
Вице-президенттің негізгі міндеттері:
президент тапсырмасымен халықаралық қатынастарда Қазақстанның мүддесін білдіру;
құрылтай, үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарда президенттің атынан сөз сөйлеу;
Қазақстан мен шетелдің қоғамдық-саяси, ғылыми-мәдени және оқу-ағарту ұйымдарымен жұмыс істеу.
Вице-президенттің басқа да өкілеттіліктерін мемлекет басшысы анықтайды. Ал Конституциядан мемлекеттік кеңесші туралы ережелерді алып тастайды. Соның орнына вице-президентке қойылатын талаптар енгізіледі.
"Вице-президент өкілдік органда депутат бола алмайды. Сондай-ақ ақы төленетін басқа да лауазымдарды атқаруға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынады. Саяси партияның құрамында болмауы шарт", - дейді Жиенбаев.