АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов бір жылда қатты қымбаттаған тауарларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгінде бағаларға қысым жасайтын негізгі фактор - азық-түлік инфляциясы. Былтыр желтоқсан айында оның деңгей 13,5%-ке дейін өскен.
"Алдымен ет пен ет өнімдерінің нарығына тоқталуға болады. Бұл сегментте бағаның жылдық өсімі 22,6%-ке жетіп, 2012 жылғы қаңтардан бергі ең жоғары деңгей тіркелді. Сондай-ақ қой еті, кондитерлік өнімдер, түсті қырыққабат, алма, балық, жеміс-жидек, майлар мен тоңмай бағасы да тез қымбаттады. Мұның бәрі азық-түлік инфляциясын күшейтіп, жалпы инфляция деңгейіне әсер етті", - деді Сүлейменов Астанадағы брифингте.
Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтердің бағасы, керісінше, баяулай бастады.
Айта кетері, бүгін ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдыруға шешім қабылдады.