Бурабайда оңай байығысы келген әйел бірнеше кредит төлеуге мәжбүр болды

Ақмола тұрғыны өзін және әріптестерін кредитке кіргізіп, 8 млн теңгеден айырылды
Sputnik
АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Ақмола облысының тұрғыны жалған инвестициялық жобаға сеніп, өз атына және әріптестерінің атына несие рәсімдеген. Соның салдарынан ол шамамен 8 миллион теңге көлемінде қаржылай шығынға ұшырады, деп хабарлайды өңірлік полиция департаменті.
Алаяқтық фактісі Бурабай ауданының полиция бөлімінде тергеліп жатыр.
"Жәбірленуші жергілікті қонақ үйлердің бірінің 50 жастағы қызметкері. Әйел "Industrial Trade" инвестициялық платформасында жоғары дивиденд алу мүмкіндігіне сеніп, алаяқтарға 8 000 000 теңгені аударды", - деп жазылған хабарламада.
Полицейлер анықтағандай, әйел 2 миллион теңгені өз атына, тағы 6 миллион теңгені екі әріптесіне несиеге рәсімдеген. Салдарынан уәде етілген капиталды көбейтудің орнына жәбірленуші бірнеше кредит төлеуге мәжбүр болып отыр.
Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Айта кетері, Ақмола облысының киберполицейлері тұрғындарға жалған инвестициялық платформалармен байланысты интернет-алаяқтық өскенін ескертті.