АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шымкенттегі Нұрайдың өлімінен кейін жергілікті полицияда кімдер жауапқа тартылатынын айтты , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін президенттің сөзінен кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Ал Қаратау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тергеуге алынды.
"Олар жәбірленуші шағымданғанда уақытында шара қабылдамаған. Оны некеге мәжбүрлеген. Соны анықтап отырмыз. Бұл жерде алдымен аудандық полиция басқармасында істейтін лауазымды тұлағаларының жауапкершілігі тұр", - деді Әділов сенаттағы брифингте.
Оның айтуынша, басқарманың үстінен қарайтын қызметкерлер де бар. Олардың жауапкершілігі қаралады. Қалалық департамент басшылығының әрекетіне де құқықтық баға беріледі.
Айта кетері, 21 жастағы Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қайтыс болды. 28 жастағы күдікті ұсталды.