Қазақстанда вице-президент қызметі пайда болады

Ақордада мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады
Sputnik
АСТАНА, 20 қаңтар – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметінің енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің айтуынша, вице-президент институты бірнеше жыл бойы жасалып жатқан саяси конструкцияны түйіндейді.
"Вице-президентті парламенттің келісімімен президент тағайындайды. Оның құзіретін де мемлекет басшысы айқындайды", - деді Тоқаев ұлттық құрылтайдың бүгінгі отырысында.
Вице-президент президенттің тапсырмасымен халықаралық форумдар мен келіссөздерде Қазақстанның атынан, ал парламентте президенттің атынан қатысып, мемлекет басшысының басқа да тапсырмаларын орындайтын болады.
Осыған байланысты Ақордада мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады. Бұдан бөлек, президент әкімшілігінің құрылымы да қажеттілігіне қарай өзгертіледі.
Елдегі жаңа парламент "Құрылтай" деп аталады