АЛМАТЫ, 20 қаңтар – Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылының тұрғындары кәріз суынан мезі болған. Тұрғындардың базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі тыңдап қайтты.
Алматы облысындағы Әйтей ауылы
© Sputnik / Айдана Дайырова
Жалпы Әйтей ауылының аясы кеңіп, қоныстанғандар қатары көбеюде. Жер телімдері беріліп, инфрақұрылым тартылған. Бірақ тұрғындарға жер телімі кәріз суы төгілетін аумақтан үлестірілген. Кәріз иісі жаз тұрмақ қыста да қолқаны қабады.
"Менің бұл жерге қоныстанғаныма үш жылдан асты. Бізге берілген жердің бәрі заңды. Электр жарығы, газ бәрі тартылған", - дейді жаңа қоныстанған ауыл тұрғындары.
Қарасай ауданының маңында кәріз суын төгетін бірнеше орын бар. Бірақ кейбір кәріз орындарына тұрғындар қарсы болып, жауып тастаған. Қазіргі уақытта ауданның бар кәріз суы Әйтей ауылының маңындағы арнайы орынға төгіледі.
"Кәріз суын төгетін көліктерді біздің ауылға қарай бұрып жіберген. Күніне 120-130 көлік біздің қасымызға кәріз суын төгіп жатыр. Бұл сұмдық қой! Тәулік бойы тоқтамайды. Бұрын 3-4 ассенизатор келетін, оған қарсылығымыз болмаған. Иіс жаз тұрмақ қыста да мүңкіп тұр", - дейді ауыл тұрғыны Бауыржан Ахметов.
Әйтейліктер кәріз суын тасыған көліктердің жолын жауып, ереуілдетіп, ақыры бұл іске әкімдік араласқан. Негізі заң бойынша бұл жерде кәріз суын төгуге рұқсат бар. Бірақ соңғы жылдары халықтың қоныстануына да рұқсат беріп қойған.
"Әкімдік келіп құжаттарын көрсетті. Бұл кәріз суын ары қарай сорғызып, орталық кәріз суларына құйылу керек деді. Жаңа сол жерге барып келдім. Бірақ ол жерде ешбір сорғы жұмыс істеп тұрған жоқ. Сорғыға келіп жатқан электр тогы да жоқ. Шамасы мүлдем жұмыс істемеген болу керек. Қазір кәріз сулары сіңіп жатыр, сіңбегені көлкіп тұр", - дейді Бауыржан Ахметов.
Қысқасы Қарасай ауданы, оның ішінде Қаскелең қаласы қазіргі уақытта кәріз суын қайда төгерін білмей дал.
"Кәріз суын төгу тоқтатылады деді. Бірақ кеше жергілікті пабликтің редакторы Әйтейдің тұрғындарына өтініш жасап, көктемге дейін кәріз суын ауыл маңына төгуге рұқсат беруді сұрады. Өйткені Қаскелеңнің барлық моншасы, үйлері, ауруханасы бар, бәрінде үлкен проблема туып тұр. Әйтейдің мына жақ шеті үлкен қоқыс полигоны, ал мына шеті кәріз суына толып тұр. Сонда біздің денсаулықты кім ойлайды?", - дейді тұрғындар.
Қанша заңды орын болса да, халық қоныстанғандықтан әкімдік мәселені шешу керек дейді олар. Небәрі 500 метр жерде орналасқан кәріз суының салдарынан денсаулығымыз нашарлады деп отыр.
"Сол жерде "водоохранная зона" деген тақтайша тұр. Бұл аумақта өзен, көлдер бар. Ауыз су мұнарасы міне, тиіп тұр. Сонда қалай болғаны, депутаттарға, құқық қорғаушылар мен экологтарға үлкен сұрағымыз бар", - дейді Әйтей ауылының тұрғындары.
Жан айқайымызды көрер көз, тыңдар құлақ болмай тұр деген тұрғындар бұл мәселе оңынан шешілмейінше қайтпауға бекінген. Мәселені Sputnik Қазақстан Қарасай аудандық әкімдігінен сұрап білді.
Алматы облысындағы Әйтей ауылы
© Sputnik / Айдана Дайырова
"20 қаңтар сағат 15:00-де аудан әкімдігінің ғимаратында ассенизаторлық машиналардың жүргізушілерімен кәріз жүйесін ұйымдастыру мәселесі бойынша кездесу өтті. Аудан әкімі қатысушылармен түсіндірме әңгіме өткізді. Қазіргі уақытта балама кәріз мүмкіндігі қарастырылуда. Бірақ бұл мәселені іске асыру үшін алдымен оның заңдылығын зерттеп, Алматы облысының экология басқармасымен келісу керек", - дейді Қарасай аудандық әкімдігі.